«Жас ұлан» әскери-спорттық жарысы – патриоттық рухтың жарқын көрінісі
7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған «Жас ұлан» әскери-спорттық жарысы мектебімізде жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ерекше салтанатпен өтті. Бұл іс-шара оқушылардың әскери-патриоттық тәрбиесін нығайту, олардың дене дайындығы мен ұйымшылдығын арттыру мақсатында өткізілді. Сайыс барысында оқушылар өздерінің саптық дайындығын, тәртібін, ептілігі мен батылдығын жан-жақты көрсете білді. Әрбір взвод жоғары деңгейдегі ұйымшылдық пен жауапкершіліктің үлгісін танытып, нағыз әскери рухты сезіндірді. Қатысушылардың бірлігі мен өзара қолдауы жарыстың тартысты әрі қызықты өтуіне ықпал етті.
Шара бағдарламасы бірнеше кезеңнен тұрды. Атап айтқанда, салтанатты марш, саптық ән орындау және әскерилендірілген эстафета кезеңдері көрермендерге ерекше әсер сыйлап, олардың патриоттық сезімін оятты. Әрбір команда берілген тапсырмаларды барынша тиянақты орындауға тырысып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Сонымен қатар, қатысушылар әскери-тәжірибелік дағдылар бойынша да сынға түсті. Олардың ішінде автоматты бөлшектеу және қайта жинау, газтұмылдырықты жылдам әрі дұрыс кию, қорғаныш костюмін пайдалану, сондай-ақ нысана көздеу сынды маңызды тапсырмалар болды. Бұл кезеңдер оқушылардың тек физикалық қабілетін ғана емес, сонымен қатар шапшаң шешім қабылдау мен дәлдік дағдыларын да бағалауға мүмкіндік берді. Жарыс барысында әділ қазылар алқасы әр кезеңді мұқият бағалап, үздік нәтижелер көрсеткен командаларды анықтады. Барлық қатысушылар белсенділік танытып, өз білімдері мен қабілеттерін толық көрсете алды.
Осындай іс-шаралар жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып қана қоймай, оларды елін қорғай алатын, намысты әрі жауапты азамат болып қалыптасуына үлкен үлес қосады. Бұл – оқушылардың патриоттық рухын көтеріп, тәртіп пен ұйымшылдыққа баулитын маңызды тәрбиелік шаралардың бірі.
Барлық қатысушыларға алғыс білдіреміз және жеңімпаз командаларды шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар жалғасын таба берсін.
